1998 жылы Марат Жұман жалдамалы пәтерде жалғыз жұмыс істеді. Сол пәтер компанияның алғашқы кеңсесі де болды. Бастапқы капитал да, дайын бизнес-жоспар да жоқ еді.
Бүгінде ол құрған Atasu Group — 2000-нан астам қызметкері, өз терминалдары, вагон және автокөлік паркі, локомотивтері бар ірі логистикалық холдинг.
Осы екі кезеңнің арасында — ширек ғасырға созылған үлкен жол.
1990-жылдар. Алматы. Вокзалдан басталған жол
Марат Жұман Алматыдағы Көлік және логистика академиясында оқып жүріп, вокзалда жұмыс істеді. Түнде билет кассасында күзетші болды, ал күндіз сабақтан кейін багаж бөлімінде жүк тасушы болып еңбек етті.
Дәл сол жерде ол көлік нарығының қалай жұмыс істейтінін алғаш рет өз көзімен көрді.
Ол кезде Алматыға елдің түкпір-түкпірінен саудамен айналысатын адамдар келетін. Тауарды жылдам әрі сенімді жөнелтудің негізгі жолдарының бірі — жолаушылар пойыздарына тіркелетін пошта-багаж вагондары еді.
Бірақ мұндай вагондар бәріне жетпейтін. Жүк күндер бойы кезекте тұрмай, тезірек жөнелтілуі үшін адамдар артық төлеуге де дайын болатын.
Тауар бар. Сұраныс бар. Бірақ тасымал мүмкіндігі жеткіліксіз.
Atasu тарихының басталуына дәл осы жағдай түрткі болды.
Пошта-багаж вагондары жетіспеген соң, клиенттерге жүкті жабық жүк вагондарымен тасымалдау идеясы пайда болды. Ол кезде мұндай вагондар жеткілікті еді.
Алайда теміржол саласы күрделі әрі рәсімі көп жүйе болатын. Құжаттарды дұрыс толтыру, вагонға өтінім беру, тарифтерді есептеу, станциялармен жұмыс істеу — мұның бәрін қарапайым клиенттің өз бетімен жүргізуі оңай емес еді.
Осыны түсінген Марат Жуман теміржол тасымалын ұйымдастырудың барлық кезеңін өзі зерттей бастады. Тәжірибелі теміржол мамандарынан кеңес алды. Ал кәсіби білімнің негізін Академиядағы оқу берді.
Осылайша 1998 жылы Atasu компаниясы құрылды.
Алғашқы кезде компанияда бір ғана адам жұмыс істеді. Ол — негізін қалаушы да, экспедитор-агент те Марат Жұманның өзі.
Алғашқы клиенттерін тауар және багаж кассаларындағы кезекте жүріп тапты. Визиткаларын таратып, қызметін ұсынатын.
Сұраныс бірден пайда болды.
Клиенттер сенімхат береді, Марат вагондарға өтінім жасайды, құжаттарды рәсімдейді. Қажет болған жағдайда жүк тиеуге де өзі қатысатын.
Кейін шағын теміржол тұйық жолын жалға алды. Компанияның жүйелі жұмысы дәл осы жерден басталды.
Біртіндеп клиенттер көбейді, тәжірибе жиналды. Ең бастысы — сенім мен бедел қалыптасты.
«Мен дайын бизнес-жоспардан бастаған жоқпын. Клиенттің нақты мәселесін көрдім де, соны шешуге кірістім», — деп еске алады Марат Жұман.
Тоғыз адамнан басталған команда
Алғашқы кеңсе Алматы теміржол бөлімшесіне жақын орналасқан бизнес-орталықтағы 25 шаршы метрлік бөлме болды. Мұндай орналасу клиенттердің атынан өтінімдерді жылдам беруге мүмкіндік берді.
Тапсырыс көбейген сайын барлық жұмысты жалғыз атқару мүмкін болмай қалды. Осы кезде компанияға алғашқы қызметкерлер келе бастады.
Көп ұзамай команда тоғыз адамға жетті. Бір кабинет тарлық етіп, компания сол бизнес-орталықтан тағы бір бөлме жалға алды.
Ол кезде Atasu-дың өз вагоны да, терминалы да, локомотиві де болған жоқ.
1990-жылдардың соңында вагондар, терминалдар мен локомотивтердің негізгі бөлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тиесілі еді. Салада жеке меншік активтер өте аз болатын.
Экспедитордың міндеті клиент пен теміржол жүйесінің арасын байланыстыру еді: құжат рәсімдеу, өтінім беру және тасымалды ұйымдастыру.
Бұл Atasu тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды.
Компания қарқынды өсті. Күрделі шешімдер көп болды. Жұмыс өмірдің бір бөлігі емес, күнделікті өмірдің өзіне айналған кез еді.
Нарықта алғашқы бәсекелестер пайда болып, компанияның жұмыс тәсілін қайталай бастады. Бұл Atasu командасына қызмет сапасын одан әрі арттырып, жұмысты жылдамырақ әрі тиімді жүргізуге серпін берді.
Ел экономикасы өскен сайын тапсырыс та көбейді. Компания да соған сай тез дамыды.
Негізгі міндет — сол қарқыннан қалмау еді: жаңа мамандарды жұмысқа алу, оларды үйрету және командаға бейімдеу.
Сол жылдары Atasu-ға келген қызметкерлердің көбі компанияда әлі күнге дейін еңбек етеді. Бүгінде олардың бірқатары жеке бағыттар мен бөлімдерді басқарады.
Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік буынға айналған сайын жүк ағыны да арта түсті.
Клиенттерге енді тек тасымал ұйымдастыру жеткіліксіз еді. Олар кешенді логистикалық шешім күтті. Өз инфрақұрылымына деген қажеттілік те осы кезеңде айқын сезілді.
Дәл сол кезде Atasu экспедиторлық компаниядан логистикалық холдингке айналу жолына түсті.
Экспедиторлықтан ірі логистикалық жүйеге дейін
Марат Жұман тапқан қаражаттың негізгі бөлігін жеке қажетіне емес, компанияны дамытуға және өз активтерін қалыптастыруға жұмсады.
Алғашқы 10 вагон.
Кейін алғашқы 100 вагон.
Одан соң өз көлік-логистика орталықтары пайда бола бастады.
2010 жылы — Жетісудағы көлік-логистика орталығы.
2013 жылы — Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Достық бекетіндегі алғашқы жеке қайта тиеу терминалы.
2018 жылы — Бурундайдағы терминал.
Компания бұл жолды мемлекеттік активтер мен арнайы артықшылықтарға сүйенбей өтті.
Осы жылдардағы мемлекеттік қолдаудың негізгі түрі несие мөлшерлемесін субсидиялау болды. Бұл Қазақстандағы басқа бизнес өкілдеріне де қолжетімді құрал еді.
Бүгінде Atasu Group құрамында терминалдар, вагондар, локомотивтер, автокөлік паркі және уақытша сақтау қоймалары бар.
Қазақстанда құрылған және осында дамыған компанияда 2000-нан астам адам еңбек етеді.
Компанияны танытқан — бедел
Atasu компаниясын Қытайда, Еуропада және ТМД елдерінде біледі.
Серіктестер арасында қалыптасқан бір пікір бар: Atasu уәдесінде тұрады.
Компания қандай да бір міндеттеме алса, сыртқы жағдай қалай өзгерсе де, жүкті межелі жеріне жеткізудің жолын табуға тырысады.
Осындай жобалардың бірі — габариттен тыс ірі жүкті тасымалдау болды.
Клиентке нарықтағы басқа компаниялар алуға дайын болмаған күрделі жүкті жеткізу қажет еді.
Atasu Group тасымал сызбасын жарты жыл бойы әзірледі.
Газтурбиналық жабдық Каспий теңізі арқылы жеткізіліп, кейін вагондарға қайта тиелді де, теміржолмен жөнелтілді.
Бағыттың кейбір учаскелерінде жүк өтуі үшін жекелеген конструкцияларды уақытша бөлшектеуге тура келді. Ал кей станцияларда құрамның өтуін басшылардың өзі бақылап отырды.
Жүк межелі жеріне жетті.
Мұндай беделді жарнамамен сатып алу мүмкін емес.
30 ел, 2000 қызметкер
Осы жылдар ішінде Atasu делдал компаниядан өз активтері мен инфрақұрылымы бар ірі логистикалық холдингке дейін өсті.
Бір кездері компания вагон алу үшін монополист операторға өтінім беретін.
Бүгінде Atasu-дың өзі Азия мен Еуропа арасындағы бағыттардың жұмысын қамтамасыз ететін маңызды логистикалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналды.
Әр жаңа терминал жаңа жүк ағынын тартады.
Әр жаңа бағыт келесі мүмкіндікке жол ашады.
Ал бір кезде қолында сенімхатпен жалғыз экспедитор жинаған тәжірибені бүгінде екі мың адамнан тұратын команда жалғастырып келеді.
Барлығы Алматы вокзалында жұмыс істеген студенттен басталды.
Одан кейін кеңсенің орнына жалдамалы пәтер болды.
Бір кабинет.
Кейін екі кабинет.
Тоғыз адамнан тұратын шағын команда.
Бүгінде Atasu Group — Орталық Азиядағы ірі логистикалық холдингтердің бірі.
Компанияның Алматыда жеке үш қабатты кеңсесі, бес көлік-логистика орталығы, теңіз портындағы терминалы, өз жүк вагондары, локомотивтері мен автокөліктері бар.
Жыл сайын 10 млн тоннадан астам жүк тасымалданады.
Бес мемлекетте алты кеңсе жұмыс істейді.
Компания Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан бастап Еуропаға дейінгі 30 елде қызмет көрсетеді.
Ал осының бәрі кезінде жалға алынған бір ғана теміржол тұйық жолынан басталған еді.






