• 首页
  • 公司博客
  • Контейнер тасымалының көзге көрінбейтін тұсы: жүк тиеуге дейін қандай жұмыстар атқарылады?

Контейнер тасымалының көзге көрінбейтін тұсы: жүк тиеуге дейін қандай жұмыстар атқарылады?

Контейнер тасымалының көзге көрінбейтін тұсы: жүк тиеуге дейін қандай жұмыстар атқарылады?

Клиент өтінім береді, біраз уақыттан кейін контейнер қоймаға жеткізіледі. Сырттай қарағанда, контейнер жақын жерде дайын тұрғандай және тек өтінімді күткендей көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде қажетті контейнерді алдымен тауып, техникалық жағдайын тексеріп, содан кейін ғана жүк жөнелтушіге жеткізу қажет. Жөнелту мерзімі, тасымал құны және жүктің сақталуы осы дайындық жұмыстарына тікелей байланысты.

Контейнер неліктен әрдайым өтінім берілген күні жеткізілмейді?

Бос контейнерлер дәл қажетті уақытта және қажетті жерде бола бермейді. Жүк түсірілгеннен кейін олар станцияда, терминалда немесе клиенттің аумағында қалуы мүмкін. Ал бұл мүлде басқа қала немесе өңір болуы ықтимал.

Мұның негізгі себептерінің бірі — жүк ағындарының біркелкі болмауы және контейнердің кімге тиесілі екені. Қытайдан Қазақстанға бағытталған жүк ағыны кері бағыттағы тасымал көлемінен жоғары. Жүк түсірілгеннен кейін бос контейнерлер Қазақстанда қалады, алайда олардың көбі теміржол әкімшіліктеріне немесе контейнерлік желілерге тиесілі және Қытайға қайтарылуы тиіс. Сондықтан басқа бағытқа өнім жөнелтетін экспорттаушы үшін мұндай контейнер көршілес станцияда тұрған күннің өзінде қолжетімсіз болуы мүмкін.

Сонымен қатар контейнерлік тасымал көлемі жыл сайын артып келеді. ҚР Көлік министрлігінің Kazinform келтірген деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы контейнерлік тасымал көлемі 2203 мың ЖФЭ-ге (жиырма футтық эквивалент — контейнерлік тасымалды есептеудің стандартты өлшем бірлігі) жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2115 мың ЖФЭ болған.

Тасымал көлемі артқан сайын контейнерлерді тиімді басқарудың маңызы да арта түседі. Сондықтан әрбір тасымалдың өзіндік дайындық кезеңі бар. Өтінім неғұрлым ертерек берілсе, қажетті контейнерді жақын жерден тауып, оны алыстан жеткізу қажеттілігін азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Тиеуге дейінгі үш кезең

Экспедитор үшін бос контейнерді іздеу — жеке операциялық міндет. Atasu Group-та бұл жұмыспен контейнерлік департамент айналысады.

Іздеу. Компанияның контейнерлік департаментінің мамандары нақты жүкке сәйкес контейнерді таңдайды: оның қажетті өлшемін, түрін және жүк көтергіштігін анықтайды. Сонымен қатар бос жабдықтың қай жерде бар екенін және оны қажетті бағытта пайдалануға болатынын тексереді.

Тексеру. Контейнердің зақымданбағаны, тазалығы және тасымалданатын жүкке сәйкестігі тексеріледі.

Жеткізу. Дайын контейнер станцияға немесе тікелей жүк жөнелтушінің қоймасына автомобиль немесе теміржол көлігімен жеткізіледі.

«Көп жағдайда контейнерлер тікелей тиеу орнында — вагондар жасақталатын терминалда таңдалады. Осыған байланысты қажетті контейнерлерді іріктеу орта есеппен 1–3 күнге созылады. Мерзім бос контейнерлердің болуына және нақты тағайындалған станцияға деген сұранысқа байланысты. Бағыттағы жүктеме жоғары болған жағдайда контейнерді іріктеуге көбірек уақыт кетуі мүмкін», — деп түсіндіреді Atasu Group контейнерлік департаментінің басшысы.

Жүктің сәтті жетуі үшін контейнер қалай тексеріледі?

Зақымданған контейнер тасымалдың қалған кезеңдері еш ақаусыз өткен күннің өзінде жүкке зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан контейнер клиентке жөнелтілмес бұрын мұқият тексеріледі:

· CSC қауіпсіздік тақтайшасының жарамдылығы;

· корпуста тесік, жарық немесе елеулі майысулардың бар-жоғы;

· есіктердің, тығыздағыштардың және бекіту тетіктерінің жағдайы;

· еденнің жай-күйі, әсіресе ауыр жүктерді тасымалдау кезінде;

· контейнер ішінің құрғақтығы мен тазалығы, алдыңғы жүктен қалған бөгде иістің бар-жоғы.

Ұсақ тесіктерді жарық арқылы тексеру әдісімен анықтауға болады: маман контейнердің ішіне кіреді, есіктер жабылады, ал ішке түскен жарық арқылы корпустағы саңылаулар анықталады. Тасымалдау кезінде мұндай тесіктерден контейнер ішіне ылғал өтуі мүмкін.

Азық-түлік пен астық тасымалдауға арналған контейнер таза әрі химиялық заттардың іздері мен иісінен ада болуы тиіс. Ал жабдық тасымалдағанда еденнің беріктігі мен жүкті бекіту нүктелерінің жағдайына ерекше назар аударылады. Тексеруден өтпеген контейнер басқа контейнерге ауыстырылады.

Бос контейнер тасымал құнына неліктен әсер етеді?

Бос контейнерді тасымалдау да шығынды талап етеді. Әдетте теміржол тарифіне бос контейнерді кері қайтару құны кірмейді: оны алушы немесе экспедитор ұйымдастырып, төлейді. Тасымалдың қорытынды құнында бұл шығындар жеке тармақ ретінде көрсетілмеуі мүмкін, алайда жалпы бағада ескеріледі.

Контейнерді пайдалану мерзімі де шығынға әсер етеді. Контейнер иесі белгілі бір жеңілдік кезеңін ұсынады, ал осы мерзім аяқталғаннан кейін контейнерді нормативтен тыс пайдаланғаны үшін қосымша төлем есептелуі мүмкін. Мұндай кезеңнің ұзақтығы мен тарифтері контейнер иесіне және тасымал шарттарына байланысты. Сондықтан бұл талаптарды контейнерді брондау кезінде алдын ала нақтылаған жөн.

Бұл шығындардың бір бөлігін жүк жөнелтуші мен жүк алушы өздері басқара алады: контейнер неғұрлым тез түсіріліп, қайтарылса, артық төлемдердің туындау ықтималдығы соғұрлым төмен болады.

Контейнерді жеткізуді қалай жеделдетуге болады?

Контейнерді беру мерзімі тек экспедиторға байланысты емес. Жүк жөнелтуші де бұл процесті жеделдетуге ықпал ете алады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды ескерген жөн:

· Өтінімді алдын ала беру. Әсіресе қыркүйек пен желтоқсан аралығында, жүк ағыны артып, бос контейнерлер саны азаятын кезеңде бұл аса маңызды.

· Жүк туралы толық ақпарат беру. Жүктің атауы, салмағы, қаптамасы және арнайы талаптары алдын ала көрсетілсе, қажетті контейнерді бірден дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

· Контейнерді уақытылы түсіру және қайтару. Бұл клиентке нормативтен тыс пайдалану үшін қосымша төлемнен сақтануға көмектеседі әрі контейнердің келесі жүк жөнелтушіге уақытында берілуін қамтамасыз етеді.

· Импорттық және экспорттық тасымалдарды үйлестіру. Егер компанияда қарама-қарсы бағыттағы жүк ағындары болса және контейнер иесі жабдықты қайта пайдалануға рұқсат берсе, импорттық жүк түсірілгеннен кейін сол контейнерді компанияның экспорттық жөнелтілімі үшін пайдалануға болады. Бұл контейнердің бос тұру уақытын қысқартып, бос жүрісті барынша азайтуға, соның нәтижесінде жалпы шығындар мен өңдеу мерзімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Atasu Group қандай міндеттерді өз мойнына алады?

Бұл жұмыстардың басым бөлігі клиенттің тікелей қатысуынсыз жүзеге асырылады. Atasu Group-тың меншікті жылжымалы құрамы, соның ішінде фитингтік платформалары, сондай-ақ жүк көліктері мен арнайы техникадан тұратын автопаркі бар. Соның арқасында компания тиелген және бос контейнерлерді клиентке өз күшімен жеткізе алады әрі тасымал жоспары өзгерген жағдайда жедел әрекет етеді.

Егер шекарада кептеліс туындаса немесе белгілі бір өңірде контейнерлер жетіспесе, команда балама шешімдерді қарастырады: басқа меншік иесінің контейнерлерін, жабдықтың өзге түрін немесе басқа жеткізу тәсілін ұсынады.

Контейнердің Қазақстан–Қытай шекарасында қандай кезеңдерден өтетіні туралы «Бір шекарадағы екі түрлі теміржол табаны: Достықта контейнермен не болады?» материалынан оқи аласыз.

Atasu Group логистика саласында 28 жылдан бері толық циклді оператор ретінде жұмыс істейді және негізгі тасымалды ғана емес, онымен байланысты операцияларды да өз мойнына алады. Олардың қатарында бос контейнерді іздеу, тексеру және тиеу орнына жеткізу бар.

Нақты жүк бойынша контейнерді беру мерзімі мен тасымал құнын есептеу үшін Atasu Group мамандарына өтінім қалдырыңыз.